«Ел қорғау және ерлік дәстүрі: Байғараұлы Киікбай батыр тұлғасы»
Бүгін Қосшыда қалалық кітапхананың ұйымдастыруымен ел тарихындағы ерлік дәстүрін жаңғыртып, халқымыздың азаттығы мен туған жерінің тұтастығы жолында күрескен тарихи тұлғалардың бірі – Байғараұлы Киікбай батырдың өмір жолы мен тарихи мұрасын зерделеуге арналған «Ел қорғау және ерлік дәстүрі: Байғараұлы Киікбай батыр тұлғасы» атты ғылыми-танымдық конференция өтті.
Қазақ тарихы – ел мен жер үшін атқа қонған ерлердің тарихымен сабақтас. Ұлан-ғайыр даланы ұрпаққа аманат еткен батырларымыздың есімін ұлықтау – өткенге тағзым ғана емес, тарихи жадымызды жаңғыртып, келер ұрпаққа аманат ету.
Бүгінгі конференцияның негізгі мақсаты – Киікбай Байғараұлының тұлғасын тарихи деректер мен ғылыми пайым тұрғысынан зерделеу, батырдың ел қорғау жолындағы қызметін таныту және оның есімін ұлттық тарихи жадымызда жаңғырту.
Қосшы қаласы әкімінің орынбасары Берген Жұмкейұлы алғысөз сөйлеп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Конференцияға «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесінің ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің қызметкері, түркі-шағатай емлелерін зерттеуші, аудармашы, шығыстанушы, гуманитарлық ғылымдар профессоры, Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағының және Халықаралық жазушылар одағының мүшесі Мұхамедқали Баймұханов;
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Әлібекұлы Еңсенов;
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығы» нормативтік-техникалық құжаттамаларды сараптау бөлімінің маманы, PhD, әуесқой зерттеуші, тарихшы Елімбек Қазұлы;
Астана халықаралық университетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 3-курс студенті, жас тарихшы-зерттеуші Насихат Сейфуллин;
Дәстүрлі әнші, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Меруеш Башай қатысып, мазмұнды баяндамалар жасады.