«Кітап оқитын ұлт» – рухани дамуға бастайтын бастама
«Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны аясында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрқат Батырқұлов кітапханамыздың жұмысымен танысты.
Кездесу барысында кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бағыттары, кітап қоры және «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны шеңберінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берілді. Нұрқат Батырқұлов кітапхана қорымен танысып, әдебиеттердің мазмұнына, оқырмандар үшін қолжетімділігіне және кітап оқуға қызығушылықты арттыруға бағытталған жұмыстарға назар аударды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілер арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
«Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» бағыты мемлекеттік қызметшілердің кәсіби білімі мен дүниетанымын кеңейтуге, сыни ойлау қабілетін дамытуға, рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтуға ықпал ететін маңызды бастамалардың бірі болып табылады. Кітап оқу – кәсіби міндеттерді сапалы орындауға қажетті жаңа білімді игерумен қатар, тұлғалық дамудың және интеллектуалдық әлеуетті арттырудың тиімді құралы.
Мемлекеттік қызметші үшін үнемі іздену, білімін жетілдіру және қоғамдағы өзгерістерді терең түсіну ерекше маңызға ие. Осы тұрғыдан алғанда, кітап оқу мәдениетін дамыту мемлекеттік қызметтің кәсібилігін арттыруға және білімге негізделген заманауи мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға өз үлесін қосады.