«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында «Қарғын» романы талқыланды
«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында «Қарғын» романы талқыланды
«Жаназық» кітап клубының кезекті отырысында Дулат Исабековтің «Қарғын» романы жан-жақты талқыланды.
Психологиялық тереңдігімен ерекшеленетін шығарма XX ғасырдың 80-жылдарындағы қала өмірін, қоғамның қайшылықтарын, адам жанының ішкі иірімдерін суреттейді. Романдағы Жасын мен Бағиланың арасындағы күрделі қарым-қатынас, махаббат сезімі, ішкі толғаныстары мен таңдаулары талқылаудың негізгі өзегіне айналды.
«Қарғын» атауының өзі тасқын, ағым мағынасын білдіреді. Бұл шығармадағы кейіпкерлердің бойындағы сезім тасқынын ғана емес, сол кезеңдегі қоғамның өзгерісі мен уақыт ағымын да аңғартады. Жасын мен Бағиланың қарым-қатынасы арқылы махаббат, жауапкершілік, моральдық таңдау, адамдық ұстаным сияқты маңызды мәселелер көтеріледі.
Талқылау барысында кейіпкерлердің әрекеттері қазіргі қоғамдағы көзқарастармен салыстырылып, олардың шешімдері мен сезімдеріне әр қырынан баға берілді. Әсіресе, шығарманың жастар арасында неге әлі де қызығушылық тудыратыны, оқырманға қандай ой салатыны жөнінде пікір алмасты.
Кітапты оқыған оқырмандардың пікірі де әртүрлі болды. Бірі кейіпкерлердің әрекетін түсінуге тырысса, енді бірі олардың таңдауларына сын көзбен қарады. Осындай әркелкі пікірлер пікірталастың мазмұнын тереңдете түсті.
📖 «Қарғынның» құндылығы да осында. Шығарма әр оқырманға әртүрлі әсер етіп, адам сезімі, махаббат, жауапкершілік пен өмір таңдауы туралы өзіндік ой түюге мүмкіндік береді. Ал кітапты бірге талдау – шығармаға жаңа қырынан қарап, өз көзқарасыңды қалыптастыруға жол ашады.
#КітапОқитынҰлт #Қарғын #ДулатИсабеков #Жаназық #КітапТалдау #ОқырманПікірі #Кітапхана